Соңғы үш айда Солтүстік Қазақстан облысының аумағында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ТМД елдеріндегі әріптестеріне 24 қылмыскерді ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тәртіп сақшылары Ресей Федерациясына — 21, Армения Республикасына бір және Өзбекстан Республикасына екі қылмыскерді ұстап берген. Омбы және Қорған облысының екі тұрғыны есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін, тағы екі азамат шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іздестірілген. Түмен облысының тағы бір тұрғынын жедел уәкілдер өлтірумен қорқыту және ауыр дене жарақаттарын келтіргені үшін іздеуде болған. Олардың барлығын солтүстікқазақстандық полицейлер ұстап, ресейлік әріптестеріне көмектескен.
«ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл шеңберінде, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, қылмыстарды ашу, із-түссіз жоғалған тұлғаларды және қылмыскерлерді іздестіру бойынша жұмысты жандандыру мақсатында облыстық полиция департаменті жедел-анықтамалық, іздестіруге қатысты ақпарат алмасу жұмыстарын жүргізеді. ТМД елдерінің ішкі істер органдары СҚО полициясына бір қылмыскерді ұстап берді. Ол есірткімен байланысты қылмыс үшін іздеуде болды, – деп хабарлады СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Тағы оқыңыз:СҚО-да мәдениет басқармасының басшысы болып Санат Әубәкіров тағайындалды