СҚО полицейлері бір түнде жолдан шығып кеткен 20-дан астам көлік жүргізушісіне көмектесті. Олардың арасында ақтөбелік кәсіпкер де бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өткен демалыс күндері қолайсыз ауа райына байланысты өңір полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Олар жол шетіне шығып кеткен 20-дан астам жүргізушіге қол ұшын созды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ризабек Ерсайынов пен Данияр Нұртазин Ақтөбе қаласынан келе жатқан 32 жастағы кәсіпкерге көмек көрсетті. Ол Opel Astra автокөлігін басқарып келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай Екатеринбург — Алматы автожолының 780 шақырымында жол шетіне шығып қалған. Жүргізуші “102” арнасына қоңырау шалып, көмек сұраған. Көлікті жолға шығару үшін тәртіп сақшылары ауыр техниканы қолданған.
«Оқыс-оқиғаларға жол берілмеді. Жүргізушілерден жолда өте мұқият болуын сұраймыз. Жылдамдық режимін сақтаңыз, қауіпті бұрылыстарда, елді мекендерге жақын жерде жылдамдықты төмендетіңіз. Ауа райы болжамдарын және төтенше жағдай қызметінің автожолдардың жабылуы туралы хабарламаларын қадағалаңыз, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Тағы оқыңыз: Петропавлда полицейлер өрттен екі адамды аман алып қалды