Солтүстікқазақстандық оқушылар республикалық зерттеу жобалары байқауы аясында тестілеуден өтті. Бұл конкурстың екінші кезеңі болып саналады. Алғашқы тур қараша айында өткен болатын, деп жазады Qazaqstan Media.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу ғылыми жобалар конкурсы жыл сайын ұйымдастырылады. Оған еліміздің сегізінші және 11-ші сынып оқушылары қатыса алады. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы республикалық байқуда үшінші орын алған болатын. Биыл да жүлдегерлердің қатарынан көріну жоспарда бар.
«Бірінші кезең қараша айында өтті. Онда балалар өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Қатысушылар өз жұмыстарын ынтамен қорғап, әртүрлі ғылыми салаларда креативтілік пен терең білімдерін көрсетті. Жобаларды қорғау нәтижесінде тестілеуге 1, 2 және 3 орындарды жеңіп алған барлық жеңімпаздар қабылданды. Бұл 12 аудан мен Петропавл қаласынан барлығы 113 оқушы», — дейді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Бахыт Ғабдуллина.
Ал екінші турда балалар бейінді пәндер бойынша тест тапсырды. Олар екі сағат ішінде 120 сұраққа жауап берулері тиіс. Ең көп ұпай жинағандары республикалық деңгейге жолдама алады. Сабина Бригазина солардың қатарынан көрінгісі келеді.
«Бірінші кезеңде біз «Саяхат тв» деген жобаны қорғадық. Ол — экономика мен турзим бағытында болды. Біріншіден, туризм саласына үлесімізді қосқымыз келді. Жоба күрделі болды. Бүгін математика мен географиядан тест тапсырамыз. Болашақта өңіріміз бен еліміздің туризм саласының дамуына үлесімді қосқым келеді», — деді БИЛ 10-шы сынып оқушысы Сабина Бригазина.
Тағы оқыңыз: Петропавлдықтар VIP нөмірді сатып алуға 110 млн теңге жұмсады