Биыл облыстағы «ПЗТМ» АҚ бес қызметкері республикалық «Jas Kenes Siylygy» байқауына қатысады. Бұл сыйлық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы болып табылады. Жүлде Қазақстандық қоғам үшін маңызды экономикалық салаларда жұмыс істейтін, күнделікті еңбегі көптеген отандастар үшін жиі көзге түспейтін жас қазақстандықтарды көтермелеу мақсатында беріледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Байқауға медицина, полиция қызметкерлері мен еріктілер және тағы басқа да мамандар жеті номинация бойынша қатыса алады. Ал өңдеу, тамақ өнеркәсібі мен тау-кен металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика саласы және өңдеуші сектордың басқа да өкілдеріне арналған «Önerkäsıp» номинациясы да бар. «ПЗТМ» АҚ қызметкерлері осы номинация бойынша бақ сынайтын болады.
«Қатысушылардың бірі — Әлібек Уатаев. Оның кәсіпорындағы тәжірибесі 5 жыл. Әлібек қазіргі таңда өңірдегі «Үздік жас өндіріс қызметкері» атағының иегері. Ол 2023 жылы «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде үшінші орынға ие болды. Ал бұл облысымыздағы соңғы 5 жылдағы ең жақсы көрсеткіш», — деді «ПЗТМ» АҚ мамандары.
Республикалық байқауда сонымен қатар кәсіпорынның аға бригадирі — Антон Полуян және электр желілері мен электр жабдықтары бойынша электрик Иван Демин қатысады. «Jas Kenes Siylygy» жүлдесінен кәсіпорынға жақында ғана келген Николай Лиханосов пен Данил Замяткин де үміткер. Олар Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машинақұрастыру колледжінің түлектері.
«Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды комиссия үш кезеңде қарайды. Бірінші, өтінімдерді толтырудың толықтығы мен дұрыстығын техникалық бағалау. Екінші, комиссия мүшелерінің келіп түскен өтінімдерді жеке қарауы. Осы кезең шеңберінде комиссия мүшелері өтінімді әр түрлі көрсеткіштер бойынша он баллдық межемен бағалайды. Ал үшінші кезеңде, комиссия мүшелерімен офлайн немесе онлайн форматта сұхбаттасуға кандидаттар шақырылады. Үшінші кезеңде комиссияның әрбір мүшесі бірінші орыннан үшінші орынға дейін рейтинг беру арқылы үздік үш кандидатқа дауыс береді», — деді зауыт мамандары.
Айта кетейік, жүлдеге 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары өтініш бере алады.
Тағы оқыңыз:СҚО-да білім беру мекемелерінен 43 млн теңге ұрланған