Солтүстік Қазақстан облысының тек қуатты аграрлық әлеуеті ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп өңірі екені туралы аймақ әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. Өңір экономикасында өнеркәсіп секторы екінші тірек бағытына айналып келеді.
«Өңір экономикасында өнеркәсіптің орны ерекше. Екі жыл ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Өсім өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырыс портфелінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Әкімнің айтуынша, негізгі драйвер болып жалпы көлемнің 86 %-ы тиесілі өңдеу өнеркәсібі қалып отыр.
Ғауез Нұрмұхамбетов машина жасау саласындағы ірі жобаларға жеке тоқталды. Мәселен, «ЗИКСТО» ЖШС құны 24,3 млрд теңге болатын, жылына 3 200-ге дейін бірлік шығаруға қауқарлы жолаушылар вагондары мен вагон-платформалар өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Бүгінде солтүстікқазақстандық құрастырудағы вагондар республика бойынша темір жол желілерінде жүріп, өңір үшін жаңа өнеркәсіптік бренд қалыптастыруда.
«Өңірде жалпы құны 894 млрд теңгені құрайтын, 7,8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 51 инвестициялық жобалар топтамасы жүзеге асырылуда. Жалпы, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тартылған тікелей инвестициялар көлемі жылдық жоспардан 2 еседен астамға асты. Соңғы 2 жылда жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 19 меморандумға қол қойылды», – деп атап өтті әкім.
Инвестициялар тартудың басты орталығы ретінде «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы қалып отыр. Мұнда жалпы инвестиция көлемі 317 млрд теңгеден асатын 22 қатысушы тіркелген, шамамен 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылуда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ер адам иіс тиіп қаза тапты

