Солтүстік Қазақстанда екі ер адам үйдің шатырынан құлап, түрлі дене жарақатын алды. Олар қар тазалау кезінде сақтық шараларын ескермеген, деп жазады Qazaqstan Media.
Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына түрлі дене жарақатымен екі ер адам жеткізілді. Олар үйдің шатырын қардан тазалап жүрген кезде құлаған.
«41 жастағы ер адамның оң жақ өкшесінің сүйегі сынған, бел омыртқасы көгерген. Ал
38 жастағы ер адамның сол жақтағы бірнеше қабырғасы сынған. Омыртқалары сынып, бел омыртқасы көгерген», — деп хабарлайды медициналық мекеме.
Екеуіне де барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта олардың жағдайлары орташа дәрежеде. Травматология бөлімшесінде емделуді жалғастырып жатыр.
Дәрігерлер шатырды қар мен мұздан тазарту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.
Тағы оқыңыз: Көкшетау қаласының тұрғыны екі петропавлдықты пышақтап кеткен