Солтүстікқазақстандық ұстаздар облыстық олимпиадада білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасты. Жыл сайын ұйымдастырылатын пән мұғалімдері арасындағы олимпиадаға биыл 226 педагог қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жыл сайын өткізілетін олимпиадада жас мұғалімдермен қатар тәжірибелі ұстаздар да бақтарын сынауда. Солардың бірі — Наталья Евич. Ол бұл салаға 26 жылын арнаған. Ғ. Мүсірепов ауданы Калиновка орта мектебінде география пәнінен сабақ беретін мұғалім олимпиадаға осыдан үш жыл бұрын да қатысқан.
«Мен осыған дейін олимпиадаға қатысқан болатынмын. Ол кезде республикалық кезеңге өттім. Бірақ пандемия басталып, ол болмай қалды. Биыл тағы да бағымды сынамақпын. Аудандық кезеңде жеңіске жеттім. Мұндай олимпиада барысында біз өз білімімізді шыңдап қана қоймай, сабақ барысында қолданатын тың әдістерімізбен де бөлісеміз. Заман талабына сай ұстаз екенімізді дәлелдейміз», — дейді Наталья Евич.
Наталья Евичтан өзге облыстық ұстаздар олимпиадасына 225 педагог қатысты. Ұстаздар білімдері мен біліктілігін үш кезеңде дәлелдейді. Ол алдымен тест сұрақтары. Кейін әр сала бойынша нақты тапсырмалар. Мысалы, тілдік пән мұғалімдері эссе жазса, физика, математикадан сабақ беретін мамандар есеп шығарады.
«Мен физика пәні мұғалімдерінің жұмыстарын бағалайтын қазылар алқасының құрамындамын. Алдымен біз ұстаздың есепті түсіну қабілетін, шығару жолы мен формулаларды ұштастыруын қараймыз. Себебі, қазіргі кезде білім аздық етеді. Инновациялық құзыреттілігі қалыптасқан, жаңа идеяны іске асыра алатын ұстаз керек. Сондықтан біз әр маманның деңгейін жан-жақты бағалайтын боламыз», — деді комиссия мүшесі Ақылбек Оспанов.
Жалпы олимпиаданы ұйымдастырудағы мақсат – педагогтардың шығармашылық деңгейін арттыру, жоғары ғылыми потенциалын анықтау. Шығармашыл, жаңа көзқарастағы мамандарды дайындау болып табылады.
Тағы оқыңыз: Жазасын төрт жылға ұзартты: СҚО-да сотталған азамат түрмедегі бейнебақылау жүйесін сындырған