Солтүстік Қазақстан облысында екі күнде интернет-алаяқтықтың үш резонансты жағдайы тіркелді. Екі петропавлдық және бір аудан тұрғыны қаскөйлерге 13 млн теңге аударды, деп жазады Qazaqstan Media.
25 жастағы Петропавл тұрғыны екі миллион теңгеден астам қаражатынан айырылып қалды. Үшінші маусымда Петропавл қаласының полициясына 25 жастағы тұрғын жүгінді. Алаяқтар оған WhatsApp арқылы хабарласқан. Өздерін «Қазпошта» қызметкеріміз деп таныстырып, сәлемдеме жеткізілуін растау үшін келген SMS-кодты айтуын сұраған. Кейін олар банк қызметкеріміз деп оның атына несие ресімделіп жатқанын айтыпты. Бірнеше банктің қосымшаларын жүктеуге және онлайн несие ресімдеуге көндірген. Нәтижесінде алаяқтардың шотына 2 370 000 теңге аударылған.
Тағы бір 37 жастағы петропавлдық алты миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды. Алаяқтар оған байланыс операторы мен банк қызметкеріміз деп хабарласып, SIM-карта мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Олар оны алдап, SMS-кодты айтуға мәжбүрлеп, бірнеше банктен онлайн несие ресімдеуге көндірген. Бас-аяғы 6 457 000 теңгеден асады. Бұл қаржы бөгде адамдардың атына тіркелген шоттарға аударылған.
Ал төртінші маусымда Айыртау ауданының полициясына Лавровка ауылының зейнеткері жүгінді. Алаяқтар оған хабарласып, өздерін электр желілері мен банк қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар 69 жастағы әйелді алдап, SMS арқылы келген кодты айтуға, сондай-ақ «вирусқа қарсы бағдарлама» деп аталатын қосымшаны жүктеуге көндірген. Осыдан кейін телефоны бұғатталып, депозитінен 4 287 000 теңге шешіп алынған.
Жыл басынан облыста 268 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Жәбірленушілер өз ақшаларын қорғап жатырмыз деп сеніп, оны алаяқтарға берген.
«Қоңырау шалушы өзін банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, ақша аудармаңыз. Бөгде адамдардың нұсқауы бойынша қосымшаларды орнатпаңыз. Банктің ресми сайты арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Телефон арқылы сізді мәжбүрлемек болса да, несие ресімдемеңіз»,- деп еске салады полицейлер.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданындағы «Родник» лагері алғашқы қонақтарын қарсы алды