Солтүстік Қазақстандағы мектептерде бухгалтерлік есеп орталықтандырылатын болды. Бұл — жаңа реформа. Оның басты мақсаты — білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, деп жазады Qazaqstan Media.
Мысалы, туған-туыстарына жалақы аудару, штатта жоқ қызметкерлерге ақша төлеу, не бір адамға бірнеше қызметкердің еңбекақысын аудару секілді жағдайлар — мектептегі есепшілердің жемқорлық әрекеттерінің белгілі бөлігі ғана. Соңғы жылдары ел бойынша бухгалтерлердің осындай заңбұзушылықтарға жиі ұрынып жатқаны айтылып жүр. Кейбір мектептердегі қаржылық былықтар тіпті қаржы пирамидасын еске түсіреді.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында жаңадан құрылған Antikor агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі бухгалтерлік есеп жүргізудің жаңа жүйесіне көшпек. Яғни, енді мектептегі есепшілер бұрынғыдай өз орнында отырмайды. Олардың барлығы аудандық немесе қалалық білім бөлімдерінің қарамағына өтеді.
«Барлық міндеттер мен талаптар қызметтік нұсқаулықта нақты көрсетіледі. Бір бухгалтер екі-үш мектептің есебін жүргізетін болады. Бұл мектептегі қызметкерлер саны мен жүктемесіне қарай белгіленеді», – деп хабарлады СҚО Білім басқармасы QM редакциясының сауалына берген жауабында.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл реформа жаппай қысқартуға әкелмейді. Себебі кей аудандарда бухгалтерлер жарты мөлшерлемемен ғана жұмыс істеп келген. Есеп жүйесі орталықтандырылған жағдайда, жұмыс жүктемесін оңтайландыру мүмкін болады.
«Қазір біздің штатта 150 бірлік бар, оның 24-і бос. Орталықтандыру — кадр тапшылығымен емес, қаржылық бұзушылықтармен күрес үшін қолға алынып отыр. Бұл есеп-қисаптың дұрыстығын қамтамасыз етеді», – деп нақтылады басқарма өкілдері.
Аталған реформа колледждердегі бухгалтерлерге де қатысты болмақ. Әзірге өзгеріс жалпы білім беретін ұйымдарда басталады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41 жас: кадр тапшылығы 355 адам