2024-2025 оқу жылынан бастап Солтүстік Қазақстанда кейбір колледждерде оқу мерзімі қысқартылды. Оған жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың болуы себеп. Өндірістік тәжірибеден өткеннен кейін кәсіпорындардың біразы студенттерді бірден жұмысқа алады екен, деп жазады Qazaqstan Media.

Бүгінгі таңда облыста 24 колледж жұмыс істейді. Оның бесеуі жекенің қолында. Орта арнайы білім беру орындарында 11 мыңнан астам студент оқиды.  Олар 70 мамандық бойынша, оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша 39% білім алуда. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 45 %-ға арттыру жоспарланып отыр.

СҚО колледждерінде оқыту мерзімі бір жылға қысқарды

 

 

«2025 жылы жұмысшы мамандықтар секторын кеңейту жоспарлануда: құтқарушылар бағыты бойынша, құс өсірушілер, тұқым өсіруші, тазарту құрылыстарының технологиялық жабдықтарын монтаждаушы және т.б. бар. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтары бойынша контингентті 39% — дан 45% — ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Биыл 1347 түлек  жұмысшы мамандығы бойынша диплом алыпты. Оның 955-і жұмыс тапқан. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс асыра орындалған, тапсырыс 3600 адам болуы керек болса, орындалғаны 3747 адамды құрады.

Сегіз колледж базасында 11 құзыреттілік орталығы  5 бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Олар: ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, энергетика және машинақұрылысы. Жұмысшы мамандықтарды 13 техникалық кәсіби білім беру ұйымы дайындайды. Ал 19 колледжде 754 студент 89 кәсіпорынның тапсырысы бойынша оқытылып келеді.

Сонымен қатар, кейбір колледждерде оқыту мерзімі қысқартылды. Ол жұмыс берушілермен келісілген түрде жүргізілді. Мысалы, Б. Әшімов атындағы  Петропавл машина жасау және көлік колледжінде өндірістік практикадан кейін кезең-кезеңімен аттестаттау нәтижелері бойынша дипломдар беріле бастайды. Бұл зауыттардың сұранысына сай жасалған әдіс.

«Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі  аспаз, кондитер,  тамақтандыруды ұйымдастыру  мамандықтары  бойынша оқу мерзімін бір жылға қысқартып отыр. Бұрындары 9 сыныптан кейін оқуға түскендер 2 жыл 10 ай оқыса, биылдан бастап 1 жыл 10 ай оқиды. 11 сыныптан кейін келгендер 1 жыл ғана оқиды. Бұл жерде де жұмыс берушілердің сұранысы ескерілді», — деп түсіндірді Айнагүл Сұрағанова.

Тағы оқыңыз: СҚО мектептерінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған сабақтар қағаз жүзінде ғана өткізіледі

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x