Петропавлда «AMANAT» партиясының СҚО филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында өңір кәсіпкерлері бизнеске кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді көтерді. Талқылаудың негізгі тақырыбы – су айдындарына қатысты су қорғау аймақтарының құқықтық мәртебесі. Олар әлі күнге дейін ресми бекітілмей отырғаны. Бұл жүздеген шаруашылықтың тұрақты жұмысына тікелей қауіп төндіріп отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
2100 су айдынының тек 92-сінің ғана мәртебесі ресми бекітілген
Ресми мәліметке сәйкес, өңірдегі 2100-ден астам су айдынының ішінде небәрі 92-сі ғана су қорғау аймағы ретінде заңды рәсімделген. Ал 500 метрлік аймақта орналасқан 600-ден астам жер телімін иеленген кәсіпкерлердің учаскелеріне жақын орналасқан су айдындары тиісті қаулыда көрсетілмеген.
Бұл жағдай шаруалардың жер пайдалану құқығын кез келген уақытта сот талқысына әкелуі мүмкін. Мәселені алғаш болып көтергендердің бірі – «Григорьева Е.В.» ЖК.
«Біз шаруашылықты дамытуға жылдар бойы күш пен қаржы жұмсадық. Қойма, инфрақұрылым салдық, техникаға инвестиция салдық. Бұл – мемлекет берген, ресми құжатталған жерлер. Ал қазір ескі қаулыдағы техникалық қателіктерге байланысты біздің құқығымызға күмән туады. Бұл жүздеген шаруаның, олардың жұмысшыларының және алған несиелерінің тағдыры. Бізге нақты шешім керек: су қорғау аймақтарын заңдастыру және жер пайдаланушылардың құқықтарын бекіту», – деді кәсіпкерлік өкілі Айдос Кенбеилов.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі экологиялық іс-шаралар жоспарына жаңа жұмыстар енгізілген. Жоспарға 11 аудан мен Петропавл қаласындағы су айдындары үшін су қорғау аймақтары мен жолақтарының жобаларын әзірлеу кіреді. 2026–2027 жылдары тағы 102 су айдыны бойынша аймақтарды белгілеу жоспарлануда.

Грант бөлудегі теңсіздік
Кеңес барысында гранттық қолдау мәселесі де көтерілді. «Ибраев Ж.Ш.» ЖК өкілі қазіргі гранттар негізінен әлеуметтік осал топтарға бағытталғанын айтты. Ал белсенді, бизнес ашуға қабілетті азаматтардың басым бөлігі критерийлерге сәйкес келмейді.
Кәсіпкерлер палатасы мен «ДАМУ» қорының өңірлік филиалы гранттық бағдарламаларды қайта қараудың маңыздылығын атап өтіп, барлық азаматтарға бірдей ашық талаптармен жүзеге асатын пилоттық бағдарлама әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
Электронды төлем жүргізе алмаймыз
Айыртау ауданынан келген кәсіпкерлер Саумалкөл ауылындағы мобильді байланыстың әлсіздігін айтты. ҚАЖД мекемесінде орнатылған жабдықтың жұмысына байланысты желі жиі үзіліп, кәсіпкерлер электронды төлем қабылдауда қиындыққа тап болып отыр.
ҚАЖ департаменті операторлармен бірлесіп, жабдықты тексеріп, байланыс сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі жылдың ішінде жеті заманауи мектеп ашылған

