Солтүстік Қазақстан облысында жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асатын еңбек әулеті тұрады. Мамлют ауданындағы Қаражұмановтар отбасы төрт ғасыр бойы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Олардың өмірі жермен тығыз байланысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Әулеттің негізін қалаған Қуат Ысқақұлы Қаражұманов 1906 жылы дүниеге келген. Ол өмірінің 25 жылын ауыл еңбегіне арнап, ұлдары Ермек, Кеңес және Маратқа өнеге болды. Балалары әке жолын қуып, барлығы ауыл шаруашылығы саласын таңдады.
Бүгінде Қаражұмановтардың төртінші буыны да осы дәстүрді жалғастырып келеді. Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай және Мақсат есімді немерелері де туған жердің игілігі үшін еңбек етіп, отбасының адал еңбек пен жерге деген сүйіспеншіліктің символына айналған беделін нығайтып келеді.
Әулеттің жарқын өкілдерінің бірі — Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Мамлют ауданының Бексейіт ауылында дүниеге келген. Оның өмір жолы еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің үлгісі.
1980 жылы мектепті тәмамдаған соң, ол Интернационалдық СПТУ-69 оқу орнына түсіп, тракторшы-машинист мамандығын алып шығады. 1981 жылы туған ауылына оралып, механизатор кәсібіне өмірін арнайды. Оның саладағы өтілі 44 жылдан асады.
Мұрат Кеңесұлы өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар жас мамандарға тәлімгер. Ол әріптестерін ауылшаруашылық техникаларын жөндеу мен қызмет көрсетуге үйретеді. Білікті маман әріптестерінің арасында сыйлы.
Мұрат Кеңесұлы ұжымда зор құрметке ие. Басшылық оны бірнеше рет алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттаған. Әріптестерімен ол достық және іскерлік қарым-қатынаста, кәсібилігі мен адамгершілігімен үлгі болып келеді.
Жұмысынан тыс уақытта ол қоғамдық және мәдени шараларға да белсене қатысады. «Мамбетов және К» серіктестігінде домбыра үйірмесін ұйымдастырып, әріптестерін Абай мен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдеріне жазылған әндерді орындауға үйретеді. Осы арқылы жастарды ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үйретеді.
16 қыркүйекте Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановтар еңбек әулетінің құрамында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен телекөпірге қатысты. Бұл оқиға отбасы ғана емес, бүкіл Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен мәртебе болды.
Қызмет бабындағы қарбаласқа қарамастан Мұрат Кеңесұлы отбасына ерекше қамқорлық танытады, ата-баба дәстүрін сақтап, ұрпағына үлгі болып келеді. Олардың шаңырағында әрдайым жылылық пен береке орнаған: кешкі шай үстінде домбыраның күмбірі мен Абайдың жырлары естіледі.
Қаражұмановтар әулеті — ұрпақтар сабақтастығының, адал еңбектің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Олардың тарихы — қарапайым еңбек адамдарының ел тұрақтылығы мен өркендеуінің негізін қалайтынын дәлелдейді. 600 жылдық жиынтық еңбек өтілі — бұл жай ғана сан емес, бұл — адам еңбегінің, табандылық пен кәсібіне деген адалдықтың белгісі.
Республика күні қарсаңында Мұрат Қаражұманов Ақордада құттықтау қабылдады. Өндірістегі зор жетістіктері мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін оған ең жоғары мемлекеттік марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз белгісі және «Отан» ордені табыс етілді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Жамбыл ауданының өнімдері жоғары бағаланды

