2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын медициналық көмекпен қамту мақсатында жылжымалы медициналық кешендердің жұмысы қарқынды жүргізілді. Облыс бойынша қазіргі таңда 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде, деп жазады Qazaqtan Media.
Биыл жыл басынан жылжымалы медициналық кешен арқылы барлығы 22 124 адам медициналық қызметпен қамтылды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық. Бұл ауылдық жерлерде халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді.

«Скрининг пен тексеріс нәтижесінде 1 576 адамда түрлі ауру белгілері анықталды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен жоғары. Былтыр 1 222 адам болды. Анықталған науқастардың ішінен 329 адам диспансерлік есепке алынды. Жалпы көрсеткіштің 20 пайызын құрайды»,- деп нақтылады СҚО денсаулық сақтау басқармасы.
Сонымен қатар, алты ай ішінде жылжымалы медициналық кешен базасында: 6 800 диагностикалық зерттеу, 8 424 зертханалық сараптама жүргізілді, 10 249 бейінді маманнан кеңес берілді.
Облыста 100 пайыз тозығы жеткен автокөлік құралдары жоқ. Алайда, Қызылжар, Есіл, Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарында аталмыш кешен жоқ. Бұл аудандарда шілде айынан бастап жылжымалы мединалық кешен қызметі басқа медициналық ұйымдармен арадағы келісімшарт аясында жүзеге асырылуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауылдардағы тұрғындар үшін сапалы және дер кезінде медициналық көмек алудың маңызды тетігіне айналды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жандана түседі деп күтілуде.
Тағы оқыңыз: Петропавлда өртеніп жатқан шеберханадан 16 баллон шығарылды