2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындықты облыс әкімі пысықтады. Ол аудан әкімдері мен Петропавл қаласы басшысына бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі биыл жылыту маусымына дайындыққа деп үш млрд теңге бөлінді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жылыту маусымына дайындық бойынша әрбір объектіге жол картасы жасалған. Мамандар жылумен жабдықтау объектілерін пайдалануға жарамдылығына тексеру жүргізді. Облыстың барлық қазандықтарының 43% — ы қысқа дайын.
«Қаржыландыру аясында біз бар объектілердің тәуекелдері тұрғысынан сіздің барлық тілектеріңізді толығымен қанағаттандырдық. Жылыту маусымына дайындыққа 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Аудан әкімдері жұмыстың уақытында орындалуын бақылауда ұстаңдар. Уақыт аз қалды. Бұл өте маңызды мәселе», — деді өңір басшысы.
Ғауез Торсанұлының айтуынша, өңірдегі әлеуметтік нысандар көмір қорымен қамтамасыз етілген. Көмір жеткізу тұйықтарында отын қоры бар. Бірақ, биыл оның бағасы өсіпті.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға жолдарды жөндеуге Үкімет резервінен бес млрд теңге қаражат түсті