СҚО-да суға шомылу маусымы басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тұрғындарға су айдындарында қандай ережелерді сақтау керектігі жайлы айтылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Әрине, 25-30 градус ыстықта шомылмасқа болмайды. Алайда, өзен-көлдердің барлығына бірдей түспеген жөн. Тек рұқсат етілген орындарда ғана демалу қажет.
«Жыл басынан өзен-көлдерде екі мыңнан астам түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Мамандарымыз тұрғындарға барлық ережені түсіндірді. Мүмкін соның арқасында ма қуанышымызға орай биыл адам шығыны тіркелген жоқ»,- деді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ризабек Темірбеков.
Өңірде соңғы үш жылда 15 адам суға батып кеткен. Соның үшеуі — бала. Барлығы рұқсат етілмеген орындарда шомылған.
«Жыл басынан шомылу ережесін бұзған 28 адам жазаланды. Айыппұлдың көлемі жеті АЕК-ті құрайды. Айыппұл арқалағандардың көбі — мас адамдар»,- деді Ризабек Темірбеков.
Төтеншеліктер ата-аналарға балаларды үлкендерсіз өзен-көлдерге жібермеулерін сұрайды. Айта кету керек, петропавлдықтар әзірге Пестрое көлінде ғана шомыла алады. Қалалық жағдай жабық.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның үш тұрғыны екі күнде алаяқтарға 13 млн теңге аударды