Солтүстік Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларының нәтижесінде биыл өңірде аса ауыр санаттағы қылмыстарды анықтау көрсеткіші 20 пайызға артқан. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Тиісінше, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны да көбейген. Өкінішке қарай, сотталғандардың қатарында кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен жас аналар да бар.
«Соттар 138 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты. Олардың ішінде 23 әйел және 1 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Барлық істер бойынша айыпты тұлғаларға жаза тағайындалды. Негізгі тәуекел тобы – 16 мен 35 жас аралығындағы жастар», – деді СҚО прокурорының аға көмекшісі Максим Доровик.
Мамандар «жеңіл табысқа» қызығудың соңы ауыр салдарға әкелетінін ескертеді. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.
«Маңызды жайт – Telegram арқылы берілген нұсқаумен ағаш түбіне пакет қалдырудың өзі есірткі сату ретінде бағаланады. Жұмысқа тартушылар жоғары табыс уәде етіп, кез келген уақытта бұл “іспен” айналысуды тоқтатуға болады дейді. Алайда ең алдымен қолға түсетіндер – жасырын қойылым жасайтындар мен курьерлер. Олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Оразгелді Мұсафар.
Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында заңнамада да өзгерістер енгізілді. Биылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске интернет арқылы заңсыз айналымды жүзеге асыруға көмектескен тұлғаларға қатысты жаңа бап күшіне енді.
«Банк шоттарына, төлем және сәйкестендіру құралдарына заңсыз қолжетімділік беру, алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен аударымдар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл норма көбінесе есірткі қылмыскерлеріне өз қаржылық операцияларын жүргізу үшін банк карталарын беретін “дропперлерге” қатысты. Қазіргі таңда полиция органдары аталған бап бойынша үш фактіні тіркеп, тергеу жүргізіп жатыр», – деді спикер.
Тағы оқыңыз: Петропавлда есірткі таратқан ерлі-зайыпты жеті жылға бас бостандығынан айырылды

