Буллингтің салдары мен оның алдын алу жолдары Петропавл қаласындағы Қызмет көрсету саласы колледжінде өткен кездесуде талқыланды. Шараға ювеналды полиция инспекторлары мен психологтар қатысып, студенттерге буллингтің түрлері мен оның қауіптілігі туралы түсіндірді. Жалпы облыста жыл басынан бері 20 адам буллинг фактілері бойынша әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мамандардың айтуынша, буллинг тек физикалық агрессиямен шектелмейді. Ол қорлау, кекету, бойкот жариялау, өсек тарату, заттарды бүлдіру сияқты психологиялық қысым арқылы да көрініс табады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі кибербуллинг мәселесіне ерекше назар аударылды.

Полиция қызметкерлері баланың жасына қарай жауапкершілік те әртүрлі болатынын айтты.12–16 жас аралығында құқық бұзушылық анықталса, айыппұл ата-анасына салынады. 16 жастан бастап жасөспірімнің өзі жауап береді — жаза ескерту немесе айыппұл түрінде болуы мүмкін.
Мамандар буллинг оқиғаларының адамның болашақ мансабы мен жұмысқа орналасуына да кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.
СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, облыста биыл буллингке қатысты 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу білім беру ұйымдарының педагогтарымен және психологтарымен бірлескен жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Буллингтің алдын алу — «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды бағыттарының бірі.
Тағы оқыңыз: СҚО мен Омбы облысы 2028 жылға дейінгі ынтымақтастық жоспарын бекітті

