Қазақстанда «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл туралы үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндады. Ол құқық қорғау органдары оқу орындары мен балалардың жаппай демалатын орындарының маңында бақылау мен қауіпсіздікті күшейткенін хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Елімізде мектептер мен ойын алаңдарына патрульдік маршруттар орналастырылды. Жаяу жүргіншілер өткелдері мен қиылыстардағы қадағалау шаралары күшейтілген. Сондай-ақ полиция қызметкерлері оқушыларды қауіпсіз тасымалдау ережелерінің сақталуын тексеруде.

«Рейдтер барысында инфрақұрылымның кемшіліктері анықталды: Ұлытау, Жетісу, Абай өңірлерінде, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбалар жоқ. Әкімдіктерге осы кемшіліктерді биыл бірінші қыркүйекке дейін жою міндеті қойылды», — делінген үкіметттің ресми telegram арнасында.
Жаз бойы балалардың жаппай демалу орындарындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Тәртіп сақшылары лагерь қызметкерлерін тексеруді қамтамасыз етеді. Әр лагерьге полиция қызметкері бекітіледі және балаларды демалыс орындарына тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Тағы оқыңыз: 150-ден астам солтүстікқазақстандық үй жануарларын ұстау, серуендету ережелерін бұзған