СҚО-да жол апатынан үш айлық нәресте көз жұмды

Солтүстік Қазақстанда бүтін бір отбасы жол апатына ұшырап, үш айлық нәресте көз жұмды. Сәбидің әкесі ауруханада ем қабылдап жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Қайғылы оқиға қарашаның 4-і сағат кешкі бестер шамасында Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында болған. Арай ауылының маңында «ВАЗ 2107» автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қиыршық тастардың үйіндісіне барып соғылған. Салдарынан үш айлық нәресте оқиға орнында көз жұмды. Қалған отбасы мүшелері түрлі жарақаттармен емдеу мекемесіне жеткізілген.

«35 жастағы әйел кеуде тұсымен қатты соғылып, беті мен аяғын жарақаттап алған. Келіншек қарашаның 7-сі өтініш жазып, өз еркімен емдеу мекемесінен кетіп қалды. Көлікте болған бір жасар қыз баланың маңдай аймағындағы көгерген жарасы болды. Тиісті көмек көрсетілгеннен кейін ол амбулаторлық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ал жол апаты кезінде зардап шеккен отағасы қазір ауруханада жатыр. Ол да кеуде тұсымен соғылып, сол аяғын сындырып алған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалауда.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізілуде.

«Полиция қызметкерлері қажетті сараптамалар мен сотқа дейінгі тергеуді тағайындау үшін материалдар жинап жатыр. Жол-көлік оқиғасының мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Медициналық куәландырудың жүргізушінің мас емес екендігін көрсетті», — деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Отбасы мүшелеріне көмек көрсетіп, нәрестені жерлеу үшін еріктілер қаржы жинаған.  

Тағы оқыңыз: Пешті дұрыс пайдаланбаған: СҚО-да бір түнде екі өрт тіркелді

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x