Аққайың ауданына қарасты Рублевка ауылы маңында ірі жол апаты болып, жеңіл көлік ішінде қалып қойған әйел құтқарылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алдын ала мәлімет бойынша, республикалық маңызы бар тас жолда жеңіл автокөлік пен жүк көлігі соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлікте болған әйел адам ауыр жарақат алып, көліктен өздігінен шыға алмаған.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен зардап шеккен келіншекті көліктен шығарды. Жараланған азаматша Аққайың аудандық ауруханасына жеткізілді.
«Пациент түрлі дене жарақатын алған, бірнеше сүйегі сынған. Бас миы шайқалған. Жағдайы ауыр. Толық ем-дом үшін облыс орталығына жолданатын болады», – деп хабарлады жауапты ведомство.
Қазір жол апатының нақты мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да алты күннің ішінде 18 мас жүргізуші анықталды

