Желтоқсан құрбандарын еске алу, рухтарына тағзым ету — қазақстандықтардың, өскелең ұрпақтың міндеті. Қалыптасқан дәстүрге сай бұл күні Петропавл тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздік стелласы маңына жиналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойып, құрбандарға тағзым ету үшін келген топты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастады. Артынша ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, тұрғындар мен жастар беттеді. Әрбірі тарихи жайтты мұңая еске алды.

Қазақстандықтар үшін ең қастерлі мереке — Тәуелсіздік күніне де жеттік. 16-шы желтоқсан — ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңы атқан күн. Астарында зор мән-мағына жатқаны баршамызға аян. Бүгін тура 39 жыл бұрын орын алған Желтоқсан оқиғасы еріксіз еске түседі. Тарихымызда тайға таңға басқандай жазылған жайттың ызғары әлі сезіліп тұр. Ал еліміздің болашағы, егемендігі жолында көз жұмған батырлар ұмытылған жоқ. Ешқашан жадымыздан өшпейтіні де белгілі.

«Мен 1985 жылы Алматыға жұмыс істеуге бардым. 16-шы желтоқсан күні Қонаевты алып, орнына Колбинді қояды дегенді естідік. Барлығымыз барамыз дедік. Мені ешкім үгіттеген жоқ, өзім алаңға бардым. Бізді итерді, айғайлады, лақтырды, шаштан жұлды, құлағандар құлап жатты. Қан көрдік, өту суық болды. Жігіттер қыздарды барынша құтқарды. Өздері де таяқ жеді.», — деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Сәуле Ысмағұлова.

Арада ондаған жыл өтсе де Желтоқсан оқиғасын жерлесіміз Сәуле Ысмағұлова ұмытқан жоқ. Жиі есіне түседі, күрсінеді, қайғырады. Ол кезде Шал ақын ауданының тумасы Алматыда пошта қызметінде жұмыс істепті.

Өр рухты жастар бұған бекерден-бекер барған жоқ. Олар қазақ жерінде қазақтың үстемдік құрғанын, биліктің халықпен санасқанын қалады. Осылайша егемендікке қадам жасады.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісіне 10 мыңнан астам адам қатысқан. Соның 200-ге жуығы өмірмен қоштасыпты. Бұл дегеніміз осынша шаңырақ қара жамылды деген сөз. Ал сотталғандар саны 100-ге жақындайды. Олар елдің мүддесі, қазақтың абыройы үшін өз болашақтарына балта шапты. Сонымен қатар, таудай талапты 264 студент оқудан шығарылған.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *