«Қызыл бау және жасыл жапырақ». Петропавлда осындай атаумен адамның иммун тапшылығы вирусының алдын алу және экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында іс-шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Студенттер қатысқан викториналық ойын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылды. Ұл-қыздар екі топқа бөлінді. Бірінші топ АИТВ жайлы айтса, екінші топ «Таза Қазақстан» турасында ой білдірді, сурет салды. Сұрақтарға жауап беріп, өзара мықтыны анықтады.
«Біз «Таза Қазақстан» науқаны жайлы сұрақтарға жауап бердік. Сурет те салдық. Негізі, адамның иммун тапшылығы вирусы туралы көп біле бермейтін едім. Бүгін біраз ақпарат алдым. Мамандар қалай жұғатынын, қаншалықты жаман екенін, қалай сақтану қажеттігін жеткізді», — деді студент Кәмила Бағытова
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтылмаған. Салауатты өмір салты — денсаулықтың қорғаны. Танымдық шараны ұйымдастырған мамандар осыны жастарға айтып, өмірге деген құлшынысты ешқашан жоймау керектігін жеткізді.
Мамандар осы сынды жұмыстарды әлі де жалғастырады. Оқу орындарын аралап, ұл-қыздармен кездесіп, профилактикалық жұмысты күшейтпек.
Тағы оқыңыз: СҚО-да аға буын өкілдері «Адал азамат» жобасының жүзеге асу қарқынын талқылады

