Жаңа жыл мерекесі қарсаңында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздік шараларын күшейткен. Олар мерекелік жиындар өтетін нысандарды тексеріп, 485-інде олықтықтар анықтаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл туралы облыстық ТЖД мамандары өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтты. Жаңа жыл қарсаңында олар 685 мекемеде болып, 485 ереже бұзушылықты анықтаған. Бүгінгі таңда 482-сі жойылған.
«Үш нысан бойынша ескертулер жойылып жатыр. Ол Новоишим қаласындағы «Бриллиант» дәмханасы, Привольное ауылындағы мәдениет үйі. Мұнда автоманттандырылған өрт дабылы жүйесі істен шыққан. Ал Червонное ауылындағы мәдениет үйінде бұл жүйе тіптен жоқ. Бұл шара барысында біз эвакуциялық қосалқы есіктерді, шыршаларды қауіпсіз безендіруге назар аудардық», — деді брифингте СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.
Мамандар сондай-ақ заңсыз пиротехниканы сатқандарды анықтау бойынша 75 рейд жүргізді. Оның барысында төрт тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 179 мың теңге айыппұл төледі.
Жалпы, жыл басынан бері өңірде 439 өрт тіркеліп, одан 174 млн теңгеден астам материалдық шығын келген. 32 адам өртте қаза тапқан, оның үшеуі бала. 41 жерлесіміз түрлі дене жарақатын алған. Газ бен түтіннен уланудан бес адам көз жұмды.
«Жылыту маусымы басталғалы жеке секторда 105 өрт тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 7 пайызға көп. 11 адам, оның ішінде бір бала осы өртте қайтыс болды. Материалдық шығын 32 млн теңгеге жақын», — деп нақтылады Аслан Ахметжанов.
Тағы оқыңыз: СҚО құтқарушылары зейнеткерді өрттен аман алып қалды