Қазақстанда соңғы үш жылда мектеп инфрақұрылымын жаңартудың ауқымды кезеңі іске асырылды. Республикалық бағдарламаның нәтижелері өңірлерде де нақты сезіліп отыр. 2023-2025 жылдары ел бойынша шамамен 3 мың білім беру ұйымы жаңғыртылды, деп жазады QM.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізілді. Осы кезеңде 369 мектепте күрделі жөндеу, 1 817 мектепте ағымдағы жөндеу орындалды. Оқу орындарында жиһаз, кітапханалар мен асханалар жаңартылды. Қауіпсіздік жүйелері күшейтілді, сондай-ақ заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталды.
Сыныптарды жабдықтауға ерекше мән берілді. Үш жыл ішінде 7 мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынды. Бұл республика бойынша 1,1 миллионнан астам оқушының оқу жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Бағдарламаның нақты нәтижелері СҚО-да да көрініс тапты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде заманауи форматтағы жаңа білім беру ұйымдары пайдалануға берілді.
Мәселен, «Орман» шағынауданында 600 орындық жайлы мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталды. Оқу орны лицензия алып, 11 қараша күні оқушыларға есігін ашты. Бүгінде мұнда 1-11 сыныптарда 657 оқушы және мектепалды даярлық тобында 24 бала білім алады. Білім беру үдерісін 73 педагог қамтамасыз етеді.
«Береке» шағынауданындағы 600 орындық жайлы мектеп те өз жұмысын 1 қыркүйекте бастады. Қазіргі таңда мұнда 747 оқушы және мектепалды даярлық бойынша 50 бала оқиды, 72 педагог еңбек етеді.
Жаңа мектептер білім берудің қазіргі стандарттарына сай келеді. Жоба белсенді дамып жатқан шағынаудандардағы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға ықпал етеді.
Білім беру ортасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2029 жылға дейін Қазақстанда тағы шамамен 1 300 мектепті реновациялау жоспарланып отыр. Бұл мектеп инфрақұрылымын бірізді заманауи форматқа көшірудегі келесі қадам болмақ.

Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық палуан халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *