СҚО-да заңсыз кен өндірісімен айналысты деп айыпталған төрт адамның бірі Тимур Сәдуақасовты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті іздестіріп жатыр. Ол пара беруге және алаяқтық жасауға итермеледі деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айта кетейік, Тимур Сәдуақасов 2019 жылы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болған. Экс-шенеуніктің Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту өндірісіне не қатысы бар дейтін болсақ, ол сол кездері «MonolitTas» ЖШС басшысы болған. Және осы істегі басты күдікті Виктор Долгалевтің адвокаты Санат Құрманбаевтың досы болып шықты. Сөйтіп, олар Долгалевтің бұрынғы серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғату үшін оған ұсыныс жасаған. Сәдуақасов пен Құрманбаев шенеуніктерге 225 миллион теңге көлемінде пара берсе, істі сотқа дейін жеткізуге болады деп сендірген.
2024 жылы Виктор Долгалев пен оның баласы Данил және Тимур Сәдуақасов пен Санат Құрманбаевтардың ісі СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Ал желтоқсанның басында алқабилер заңсыз тау-кен өндірісімен айналысты деп айыпталған төртеуді ақтап шықты.
Мұндай шешіммен келіспеген прокурорлар апелляциялық шағым түсіріп, қаңтардың 9-ы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, істі қайтадан қарауға жіберді. Айыпталушылардың барлығы сот залында қамауға алынды. Бірақ сот отырысына Тимур Сәдуақасов қатыспаған.
«Кейін осы іс бойынша сот отырысы 2025 жылғы 30 қаңтарға тағайындалған. Алайда Тимур Сәдуақасов тағы келмеген. Және қандай себептермен қатыспағанын түсіндірмеген де. Сондықтан СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті оны 2025 жылғы 3 ақпанда сағат 15:00-де сотқа жеткізу керек болған. Алайда Сәдуақасовтың қайда екенін анықтау мүмкін емес», — делінген сот материалдарында.
Қазір Тимур Сәдуақасов іздестірілуде. Айта кетейік, іс Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.
Тағы оқыңыз: Сүт өндірісінің орнына Toyota Land Cruiser Prado: СҚО-да фермер субсидияны заңсыз иемденіп келген