СҚО полицейлері заңсыз алкоголь және темекі өнімдерін тәркіледі. Акцизсіз тауарды өңірге Көкшетау қаласының тұрғыны жеткізген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ғабит Мүсірепов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Көкалажар ауылының маңында тоқтап тұрған Toyota Surf автокөлігін байқаған. Оны Көкшетау қаласының 42 жастағы тұрғыны басқарған. Тәртіп сақшылары машинаға жақындағанда артқы орындықта бөтелкелер мен қораптар жатқандығын көреді. Кейін оның заңсыз алкоголь өнімдері екендігі анықталды.
«Ер адам құрамында 190 литр алкоголь бар өнімдерді сыйымдылығы 0,5 және 5 литр бөтелкелерге құйған. Сондай-ақ көліктен 500 қорап темекі табылды. Олардың барлығы акциздік маркаларсыз болған. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіледі. Ер адам этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», — деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да шекарадан 1,5 тоннадан астам есірткі өткізбек болған