СҚО-да «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы өтті. Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалған жиынға әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен басқарма басшылары арнайы шақырылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов, өңір прокуроры Қайрат Әбдіханов қатысты. Акцияның арқасында тұрғындар түрлі мекеменің есігін қағып, уақыт кетірмей-ақ мәселелерін бір жерде шеше алады.

«Іс шараның негізгі мақсаты — азаматтарға тегін заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Шарада әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылады», — СҚО прокуроры Қайрат Әбдіханов.
Оқушылар сарайына жиналған қауымның қарасы қалың. Олар толғандырған сұрақтарына жауап алды. Шарада тұрғын үй, жер, жеке басқа қатысты сауалдар көп болды.

«Әкем соғысқа барып, қайтып келмеді. Сондықтан маған өгей әкемнің тегі берілді. Мен оны ауыстырғым келеді. Осы мәселені шеше алмай жүргеніме 5 жылдан асты», — деді қала тұрғыны Сәрсембай Мүсенов.
Прокуратура өкілдері азаматқа қандай құжат жинау қажеттігін айтты. Мәселені шешуге уәде етті. Ал Заречный кентінің тұрғыны Людмила Пыхтина су астында қалған баспанасы үшін әлі өтемақы ала алмай жүр. Қырсық шыр айналдырған нәзікжанды қаржылай көмек алатынына үмітті.
«Былтыр баспанам өрттің салдарынан толығымен жанып кетті. Балаларым бірден маған сол орыннан жаңа үй салды. Бірақ, құжаттарын рәсімдеп үлгермедім. Баспана су астында қалды. Әкімдікке барсам тиісті құжаттарсыз өтемақы төлей алмаймыз дейді. Не істерімді білмей осы жерге келдім», — деді Людмила Пыхтина.
Облыс прокуроры Людмила Сергеевнаны жеке қабылдайтынын жеткізді. Шараға 100-ден астам адам қатысты. Талай жыл шешілмей жүрген мәселелерге нүкте қойылды. Айта кету керек, тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалған жиынды прокуратура өкілдері облыстық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды.
Тағы оқыңыз: Солтүстікте шенеуніктер кәсіпкерлерге кедергі келтірген

 
 