Биыл халық сазгері, белгілі әнші, ақын-импровизатор Үкілі Ыбырайдың туғанына 165 жыл толып отыр. Өнер әлемінде ойып тұрып орын алған жерлесіміз 40-қа жуық ән жазып қалдырған. Бүгін сол туындыларды Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері жастарға орындап берді. Шараға қала мектептерінің оқушылары қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Үкілі Ыбырайды елге танытқан «Гәкку» әнінің тарихынан сыр шертсек. Туындыны ол әнші ретінде атағы шартарапқа тарала бастаған кезде жазған. Белгілі ақын шығарманы бір көргеннен ғашық болған Кәкима атты сұлуға арнаған. Әнді қайта-қайта тыңдағың келе береді. Туынды 12 мүшеңді балқытып, 62 тамырды идіріп, жүректі елжіретеді.
«Үкілі Ыбырай қазіргі Айыртау ауданы Өскен ауылында туған.Ол Қызылжарда да серілік құрған. Белгілі ақын басынан үкісін тастамаған. Сол себептен де оған Үкілі аты берілген», — деді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов.
Ақын жазған өлеңдердің құдіреттілігі соншалық, әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Туындыларды жастар ұдайы естісе, мол өнеге алатыны сөзсіз. Айта кету керек, ертең Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Үкілі Ыбырайдың 165 жылдығына арналған ауқымды концерт өтеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан бері есірткі таратқаны үшін 140-қа жуық адам сотталды

