СҚО-да урологиялық аурулар кішкентай балаларда да анықталып жатыр. 2023 жылдың соңынан қазіргі уақытқа дейін облыстық көпбейінді ауруханада несептас ауруларымен ауырған бес бірдей кішкентай балаға ота жасалған. Негізінен бұл ауру 30-60 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл диагноз жыл сайын әлемде адамдардың 3 пайызына қойылады екен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық көпбейінді ауруханада урологиялық ауруларға қарсы ота жасайтын құрылғылар 2015 жылы алынған. Өңірде бұл аурудың зардабын көретіндер көп. Алайда басым көпшілігі ересек адамдар. Соңғы жылдары кішкентай балалар да несептас ауруымен ауыра бастаған. Дәрігерлердің сөзінше, бұл жеңіл оталардың бірі. Алдымен несепағарда орналасқан тас лазер көмегімен жойылып, аз инвензивті әдіс арқылы ота жасалады.
«Жалпы несептас аурулары бұл кең таралған аурулардың бірі. Ағзада дұрыс зат алмасу болмағанда бүйрекке тас жиналады. Ол тас кейінен несеп шығару жолдарына әсер етеді. Дер кезінде емдемеу қабыну процесіне алып келеді. Бізде арнайы құрылғылар да, ота жасайтын дәрігерлер де бар. Операциядан кейін науқас тек 4 күн ауруханада жатады», — деді облыстық көпбейінді аурухананың уролог-дәрігері Джамрат Сайдазов.
Көпсалалы ауруханада кішкентайларға бұл отаны халықаралық стандарттар бойынша тұрақты оқудан өткен білікті мамандар жасайды. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне де шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Алдағы уақытта балалар ауруханасы осындай отаны өздерінде жасамақ. «Сәби» ұлттық қорының қолдауымен ауруханаға эндоскопиялық құрал сатып алынды.
«Біз бүгінгі отаға өз командамызбен келдік. Екі анестезиолог және реаниматолог бар. Ота лазердің көмегімен жасалады, бұл аз инвазивті эндоскопиялық операция. Кейін науқас өзіміздің балалар ауруханасына көшіріледі», — деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының уролог-дәрігері Анатолий Клыков.
Тағы оқыңыз:Петропавлда еріктілер су басу қаупі жоғары аудандардың тұрғындарымен кездесті