Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында қазақ күресінен үздік палуанды анықтады. 10 спортшының арасынан боз кілемде бағы жанған жігіт аудан намысын облыстық, ал одан мықты болып танылса республика көлемінде қорғайтын болады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жылдағы дәстүрге сай Уалиханов ауданында Кішкенекөл ауылындағы дене шынықт ыру және сауықтыру кешенінде «аудан барысы» атты үлкен спорттық шара өтті. Биыл да білегі мықты, жүректі жігіттер түйе палуан салмағында боз кілемде белдесті. Аяқтан шалып, жамбасқа салып үйренген қазақ күресінің палуандары жарысқа сақадай-сай келген. 10 спортшының барлығы да сайдың тасындай іріктеліп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Араларында тәжірибелі, республикалық тіпті әлемдегі үздік спортшыларды тізе бүктіріп жүрген Алтынбек Аусағитов та бар. Бап пен бақ сынға түскен жарысқа мектеп оқушылары да қатысты. Мысалы Кішкенкөлдегі №2 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Ханибековты айтып кетуге болады. Жас палуан осы жолы екінші орын алды. Ал, үшінші орын Елтай мектебінің мұғалім Бірлік Күнтасқа бұйырды.
Жеңіске әрине, Алтынбек Аусағитов жетті. Ол енді Петропавл қаласында өтетін облыс барысында өз ауданының намысын қорғайтын болады.

«Жеңімпаздарға кубок, грамта және ақшалай сыйлықтар берілді. Бірінші орын алған палуанға 100 мың теңге, екінші орын алған спортшыға 70 мың, үшінші орынға 30 мың теңге берілді. Ауданда қазақ күресіне, жалпы ұлттық спортқа қатысамын деген жастар көп. Барыс секілді жарыстардың ұйымдастырылуы жастарды үлкен жеңіске жігерлендіреді»,- дейді ұйымдастырушылар.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданы Тепличное ауылының тұрғындарын эвакуациялап жатыр