Петропавлда Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы VIII кубогы басталды. Мықтылардың мықтысы жиналған жарыс «Қарасай» стадионында өтіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дәстүрлі дода бірнеше сайыс түрінен тұрады. Олардың әрқайсысы бойынша ұпай беріліп, жеңімпаз және жүлдегер командалар анықталады.

«Бұл турнир төрт жаттығудан тұрады. Олар: кедергілер арқылы 100 метрге жүгіру, оқу мұнарасының екінші және төртінші қабатқа көтерілу, эстафета, жолақтан өту арқылы мотопомпамен су шашу»,- деді бас төрешінің төрешілік бойынша орынбасары Дәурен Данаев.
Кедергілер арқылы 100 метрге жүгіру жарысында жеңіске жететін спортшыны болжай алмайсың. Бұл сайыста кез-келген сәтте құлауың немесе қолыңдағы жабдық түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін қатысушы асқан шапшаң, епті болуы тиіс.
Назарбек Әнуарбеков жарады. Астаналық құтқарушы жарыс жолына өзімен бірге шыққан қарсыластарын шаң қаптырып, мәреге бірінші жетті. Тіркелген уақыт 17 секундтқа таяп қалады.

«Бұл жерде екі метрлік қоршаудан өтеміз, өрт сөндіру жеңін аламыз, оны жалғаймыз және мәреге дейін жүгіреміз. Барлығы жақсы дайындалған. Барлығымыздың қалауымыз — жеңіске жету. Мықтының мықтысы жеңеді деген ойдамын»,- деді Астана қаласынан келген қатысушы Назарбек Әнуарбеков.
Өрт сөндіру-құтқару спорты өңірімізде енді дамып келеді жатыр. Қазір өзге аймақтармен күш сынаса алатын жағдайдамыз. Былтыр облыс құрамасы «Жыл жаңалығы» аталымын жеңіп алыпты.
«Бұл команда соңғы орындардан табылып жүрді. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Жаттықтырушылар шақырылды, департамент көңіл бөлді, оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Осының арқасында соңғы үш жылда облыс құрамасы 18-ші орыннан алтыншы орынға көтерілді»,- деді Дәурен Данаев.
Төрт күнге созылатын Петропавлдағы додаға 10 ерлер және 10 әйелдер командасы қатысады. 300 жуық спортшының ішінен 24 адам іріктіледі. Сол қыз-жігіттер Сауд Арабиясында қазан айында өтетін Әлем біріншілігіне қатыспақ.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан құрамасы — үздіктердің бірі. Отандастарымыз соңғы жылдары бірінші бестіктен көрініп жүр.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ашық сабақ өтті