Солтүстік Қазақстан облысындағы Новоишим ауылындағы №1 ОМ ата-аналары оқуды қашықтан өткізіп, мектепті санитариялық өңідеуді талап етіп отыр. Себебі, білім ордасындағы алтыншы сынып оқушысы туберкулездің ашық түрімен ауырып қалған. Үлкендер жағы ауру өзге балаларға жұғады деп қауіптеніп отыр. Бірақ, мамандар оқу штаттық режимде, кестеге сай болады дейді. QM тілшісі осы оқиғаға қатысты жауапты мамандардың пікірін білді.
Новоишим ауылындағы №1 ОМ мектептің оқушысы осыған дейін 2021 жылы туберкулезбен ауырған екен. Бір жыл емделіпті. Кейін емін толық аяқтап, аудандық ауруханада есепте тұрған. Дәрігерлер оның денсауылығын үнемі бақылап отырған. Алайда 2025 жылдың сәуір айында бала науқастанып, ауруханаға жүгінеді. Одан туберкулездің қайта ушығуы анықталыпты.

«Бала қазіргі кезде облыстық фтизиопульманология орталығында ем қабылдап жатыр. Білім ордасында толық дизенфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Науқаспен байланыста болған 1000-нан астам адам тексеріліп жатыр. Сыныптастарына толық манту екпесі қойылды. Барлық нәтиже теріс. Туберкулез ауыруы анықталса да, біз мектепті қашықтан оқуға жібере алмаймыз. Бізде қандай аурулар анықталған кезде қашықтан оқу керектігі жазылған бұйрық бар. Бұл жұқпалы ауру ол тізімде жоқ», — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Бұл орайда, білім басқармасы да мектеп жұмысының кестеге сай істеп жатқандығын айтты. Аталмыш оқу ордасында 939 оқушы білім алады. Оған қоса 112 ұстаз бен 25 қызметкер бар. Бұлардың барлығы да науқастанған баламен байланыста болғандардың қатарында.

«Оқушыдан туберкулез ауруы анықталғасын, бірден ата-аналдар жиналысын өткіздік. Барлығын айтып, түсіндірдік. Науқас бала 23-ші сәуірден бері сабақта болмаған. Ол ауырғасын бірден ауруханаға жүгінген. Қазір мектепте сабақтар кабинеттік режимде өтіп жатыр. Барлық санитариялық талаптар орындалуда», — деп отыр СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Осыған дейін де өңірде дәл осындай жағдай тіркелген. Бірер ай бұрын петропавлдық оқушыдан туберкулез анықталған. Ал былтыр солтүстікқазақстандық екі оқушы құрт ауруын жұқтырған.
Эпидемиолог мамандардың айтуынша туберкулездің инкубациялық кезеңі бірнеше аптадан, бірнеше жылға дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан жыл сайын дәрігерлердің тексерісінен өтуді сұрайды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қос азаматтығы бар ер адамға айыппұл салынды