Солтүстік Қазақстан минералды шикізатқа бай. Еліміздегі қалайының — 65%-ы, цирконийдің — 36,6%-ы, уранның 19%-ы, титанның — 5 пайызы мен волфрамның 1,1 пайызы теріскейде орналасқан. Бұған қоса, аймақта кең таралған инертті пайдалы қазбалар да жетерлік, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Пайдалы қазбалар қоры бойынша өңірде Айыртау және Тайынша аудандары көшбасшы болып табылады. Бұл аймақтарда қатты минералдарды өндіретін ең ірі кен орындары орналасқан. Сонымен қатар, белсенді геологиялық барлау жұмыстары Ақжар, Қызылжар және Уәлиханов аудандарында да жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыста 114 кен орны бар. Қазба жұмыстар алаңдары инвесторларды тартуға және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы өңірдің тау-кен өндірісі секторындағы өнеркәсіптік өнім көлемі 10,5 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы өңірлік өнімнің небәрі 0,5 пайызын ғана қамтиды», — деді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.

Бүгінде облыста үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар — «Аксоран» мен «Баян» вольфрам және «Сырымбет» қалайы кен орнын игеру жобалары. Аталған жобалардың барлығы Айыртау ауданында орналасқан. Бұл бастамалар өңірдегі тау-кен өндірісінің қарқынды дамуына жол ашады.

Жаңашылдықтардың арқасында 2700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тартылатын инвестиция көлемі 237 млрд теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Бүгінде өңір аумағында 8 жеке компания белсенді барлау жұмыстарын жүргізуде.

Бұл бастамалар Солтүстік Қазақстанның өндірістік әлеуетін ашып, облыс экономикасының жаңа деңгейге шығуына серпін бермек.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 25.07.25 күні 51 жұп неке қиып, 8-і ажырасқан

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *