Солтүстік Қазақстанда тасқынның салдарын жоюға үлес қосқан механикалық бригадалар марапатталды. Шараға бригадаларға жетекшілік еткен аудан әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер мен жұмысшылар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл көктемде тасқын су 3800-дей отбасының үйі мен мүлкіне зиян келтірді. 2100-ге жуық үй апатты деп танылды. 1899 үйдің жөндеуден кейін тұруға жарамды екені айтылса, оның 269-ының жөндеуі механикалық бригадаларға сеніп тапсырылды. Жалпы 95 бригада құрылды. 713 адам мен 200-ден астам техника күн сайын тынбай жұмыс істеді.
Осынау қиын кезеңде жерлестеріне көмек қолын созған жандарға облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов алғысын білдіріп, оларға Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыстады.
Айта кеткен жөн, үйі апатты деп танылған 500 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қалған үйлер 15 қыркүйекке дейін дайын болуы тиіс. Ал тасқыннан зардап шеккен кей тұрғындарға пәтерлер сатып алынды
Тағы оқыңыз: Петропавлда бензин кей жанармай құю бекеттерінде талонмен беріліп жатыр