Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны Берік Жақсыбаев балық аулаудың мән-жайына қанық маман болған. Былтыр ол Artemia salina шаян тәрізділердің жұмыртқаларын заңсыз өндіріп, қосымша ақша табуға шешім қабылдайды. Ол 26 тоннаға жуық шаян тәріздірлерді аулаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Пайда табудың амалы
Берік Жақсыбаев, сот материалдарына сәйкес, бір кездері «Петропавловский завод стрелочных переводов» деген серіктестікте жұмыс ітеген. Компания заңды түрде Artemia salina желбезек шаянының жұмыртқаларын өндірумен айналысыпты. Тұзды көлдерде болатын шаяндар фармацевтика, парфюмерия, ғылыми және экономикалық салаларда қолданылады. Жақсыбаев «тауардың» құндылығы мен оны өндіру тәсілдері туралы да білген. Сондықтан оған заңсыз шаян аулау қиындық тудырмапты.
Оқиға былтыр Тайынша ауданындағы Қалыбек көлінде орын алды. Бұл су айдыны мемлекеттік резервте орналасқан және Есіл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясына тиесілі.
Берік Жақсыбаев алдымен көлге «тауардың» бар екеніне көз жеткізу үшін барып тексереді. Кейін қылмыстық жоспарын жүзеге асырады.
«Б.С. Жақсыбаев және өзге де адамдар сақтық шараларын сақтай отырып, тұрақты және жүйелі заңсыз табыс алу мақсатында Artemia salina желбезек шаянының жұмыртқаларын заңсыз өндіруді (аулауды) ұйымдастыруға және жүзеге асыруға шешім қабылдады», — делінген сот үкімінде.
Ол өзінің серіктестеріне жоспар туралы егжей-тегжейлі айтпаған. Аз сөйлеп, көп пайда табуды жөн санайды. Арнайы операцияға алдын-ала дайындалады. Шаяндарды жеткізуге көлік, аулауға адамдарды, құрал-жабдық, ақша және сақтайтын орын. Осының барлығын Жақсыбаев жіті ойластырған.
Ол Бескөл ауылындағы қойманы алдын-ала жалға алып, өзі үш тор жасап, серіктестерімен бірге бизнеске барады. Олар у-шусыз, жылдам қимылдап, жиналған шаян тәрізділердің жұмыртқаларын қаптарға салады.
Сотталушы Павлодардан сатып алушылары да тапқан. Бағалы тауарды жеткізу үшін жүк тасымалдау сайты арқылы көлік те табылады. Жүргізушіге 20 тонна арпа тасымалдау керек екенін және жұмыс үшін 700 мың теңге төлейтінін айтқан.
«2024 жылдың төртінші тамызында Б.С. Жақсыбаев және өзге де тұлғалар аталған партияны іске асырды. Алынған қаражат жеке қажеттіліктерге, сондай — ақ өзінің әрі қарайғы қылмыстық қызметін қаржыландыруға жұмсалды», — делінген сот құжаттарында.
Пайда көрген азаматтар мұнымен тоқтап қалмайды. Бірнеше күннен кейін, 12 тамызда олар қайтадан «балық аулауға» барады. Бұл жолы олар 242 қапты толтырады. Жақсыбаев бұл жолы Тайынша ауданының Зеленый Гай ауылындағы «КамАЗ» көлігі бар танысына «бидай жеткізу керек» деп өтініш айтады. Танысы қаптарды Бескөл қоймасына тасымалдауы керек еді. Алайда келесі күні полицейлер қоймаға тінту жүргізді.
«13 тамызда қоймада тексеру барысында Artemia salina желбезек шаянының жұмыртқалары бар 242 полимерлі қапшық табылып, тәркіленді», — делінген үкімде.
Материалдық шығын 403 млн теңге…
«КамАЗда» тәртіп сақшылары тағы 268 қапты тапты. 510 қапшықтан алынған Artemia salina жұмыртқаларының жалпы салмағы шамамен 26 тоннаны құрады. Осылайша, Жақсыбаев серіктестерімен бірге мемлекетке 403 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірді.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 335-бабы, 1-тармағының 4-бөлігі бойынша адамдар тобы алдын ала сөз байласып, ірі залал келтірген су жануарларын заңсыз өндіргені үшін қозғалды. Нәтижесінде сот Берік Жақсыбаевты алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол бұл уақытты қоныс колониясында өткізеді. Үкім заңды күшіне енді.
Тағы оқыңыз: Аққайың ауданында хоккей корты ашылады