Солтүстік Қазақстанда жеті ауыл қаңырап бос қалған. Адамдар мүлдем тұрмайтын елді мекендер алдағы уақытта жабылмақ. Ал 45 ауылда халық саны 10 адамға да жетпейтін көрінеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мұндай деректерді бүгін облыс орталығында өткен жиында өңір жетекшісінің орынбасары Қанат Дүзелбаев келтірді. Оның айтуынша, бүгіндері аймағымызда халық саны 50-ден аспайтын 141 ауыл бар. Әрине, елді мекендерді дамыту үшін жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Айталық, бір ғана «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 59 ауылға 14 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 77 жобаның жүзеге асырылуына бағытталыпты.
«Оның 7 млрд теңгесі шекарада орналасқан ауылдарды дамытуға бөлінген. Осының арқасында 1100-ден астам жұмыс орыны құрылып, 160 мыңнан астам ауыл тұрғынының өмір сүру сапасы жақсартылған. Осылайша, 2027 жылға дейін 50-ден астам ауылды жаңғыртуды көздеп отырмыз», — деді Қанат Дүзелбаев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл әкімдерінің жұмысы сынға алынды