Өңірде 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе егу науқаны жүргізіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың қатысуымен өткен брифингте тәуекел тобына жататын адамдарға вакцина тегін қойлатыны айтылды. Жалпы, 60 мың адамға тегін негізде екпе егу жоспарлануда. Айта кетейік, тәуекел тобына медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар мен сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлеріндегі адамдар кіреді. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша (2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және т. б) өзге де тәуекел тобындағы тұрғындар тіркелген жері бойынша емханада екпе алатын болады.
«Жаңа оқу жылының басталуын ескере отырып білім беру объектілерінде аурулардың өсуінің алдын алу мақсатында оқушылардың, қызметкерлердің оқуда немесе жұмыста болмау себебін анықтай отырып, күнделікті мониторинг жүргізу және медициналық ұйымдарды хабардар ету қажет. Сонымен қатар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар адамдар үшін күнделікті «таңертеңгі сүзгіні» өткізуді ұйымдастыру қажет. Ауру белгілері анықталған балаларды уақтылы шеттету, білім беру ұйымдарына баратын, ауырған балаларды бір күн ішінде ата-аналары келгенге дейін оқшаулауды ұйымдастыру, білім беру ұйымдарындағы қолжетімді орындарда оқушылар мен қызметкерлер үшін антисептиктері бар санитайзерлер орнату керек», — деді Әсет Жұматаев.
Мамандар тұмау, ЖРВИ, КВИ ауруларының алдын алу үшін үй-жайларды үнемі желдетіп отыруға, қолды өңдеу үшін антисептикалық құралдарды қолдануға, ауру адамдармен байланысты шектеуге, ауру белгілері бар адамдармен байланыста болған жағдайда бетперде қолдануға, уақтылы медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда коммуналдық мекеме қызметкерлерін алдап, несие рәсімдеген алаяқ сотталды