Солтүстік Қазақстанда алғаш рет «Тұқым-2025» халықаралық конференциясы өтті. Онда егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен оларға шикізат ұсынатын компаниялар қатысты. Жиын барысында шаруаларға отандық және шетелдік компания өкілдері көрме де ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан еліміздегі аграрлы аймақтардың бірі болып саналады. Халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан да мемлекет тарапынан аталмыш бағытты дамыту үшін көп көңіл бөлінуде. Диқандар да өз кезегінде бір орында тұралап қалмай, жаңашылдықтарға ұмтылуда. Соңғы жылдары облыста майлы дақылдардың алқабын ұлғайту қолға алынған.
«Облыста егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Майлы дақылдар алқаптары ұлғайып келеді. 2024 жылы майлы дақылдардың алқабы 680 мың га құрады. 2024 жылы өңірде 780 мың тонна майлы дақылдар жиналды, ал өңдеу зауыттарының жалпы қуаттылығы жылына 813 мың тоннаны құрайды. Облыста қуаттылығы 370 мың тонна болатын «Маслодел» ЖШС май экстракция зауыты және «Тайынша-май» зауыты жұмыс істеп тұр. Ірі кәсіпорындар зығыр, рапс және күнбағыс өңдеуді қамтамасыз етеді, олардың едәуір бөлігі экспортқа шығарылады», — деді өз сөзінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Егін шаруашылығында сапалы тұқымның болуы, мол өнім алуға болатын алғашқы қадам екені айдан анық. Сондықтан да жиынға қатысушылар бұл бағыттағы өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, елімізге танымал аграрий Геннадий Зенченко, әріптестерін заман талабына сай дамып, бір орында тұрмауға шақырады.
«Бүгінгі конференцияның шаруаларға берер пайдасы мол. Бұл тәжірибе алмасу алаңы. Оған қоса, қазір өзге мемлекеттермен тұқым сатып алуға келісімдер жасасуға болады. Көрмеде олар өз өнімдерін ұсынып отыр. Жалпы алғанда, қай сала болмасын өзгерістерге ұшырайды, дамиды. Сол секілді тұқым саласы да өзгереді. Климаттық жағдай, топырақ құнарлығын бәрін ескеру керек. Осыған дейін бізде сүт-тауарлы бағытта конференция өткен болатын. Одан кейін аталмыш бағыт жаңа серпін алды. Енді бұл жиыннан кейін де тұқым шаруашылығы дамиды деген сенімдемін», — деді «Зенченко и К» КС бас директоры Геннадий Зенченко.
Көрмеге қатысқандардың көпшілігі майлы дақылдардың тұқымын ұсынды. Көрмеге қытайлық FENIKKS компаниясы да қатысты. Олар күнбағыс, мақта, күріш, рапс, зығырдың дәндерін ұсынуда.
«Біз қытайлық компанияның ТМД елдеріндегі ресми өкіліміз. Қазақстандық шаруалар біздің тұқымды сегіз маусым егіп келеді. Әсіресе, Абай облысында күнбағыс алқабының басым бөлігінде біздің тұқым себілген. Оңтүстік аймақта мақта болса, Ақмола облысы рапс тұқымын сатып алды. Солтүстік Қазақстанда біз бірінші жыл өз тауарымызды ұсынып отырмыз. Біздің тұқымдар климаттық жағдайға тез бейімделеді. Құрғақшылыққа өте төзімді», — дейді компания өкілі Камалдин Камашев.
Соңғы жылдары қазақстандық аграрийлердің егін ору мен өнім алуда, тұқым шаруашылығында қиындықтар көргені белгілі. Бұл жайында конференцтяға арнайы шақырылған «Республикалық тұқым өсірушілер палатасы» ЗТБ төрағасы Фарид Абитаев айтты. Оның пікірінше, бүгінгі үлкен отырыс алдағы уақытта салаға жаңа дем беру керек.
«Алқаптарды әртараптандыру барысында біз, тұқым шаруашлығымен айналысатын мамандар, аграрийлерге өз ұсыныстарымызды айту керекпіз. Майлы, бұршақ және жем-шөп дақылдарын қалай өсіру керек, нарықта қайсысы сұранысқа ие екенін білуіміз керек. Мал шаруашлығы бар болғандықтан жем-шөп дақылдарына әрдайым сұраныс бар. Майлы дақылдарды өсіру, өңдеу, сату жағы да жолға қойылды. Бұршақ тұқымдастар сыртқы нарықта өте жоғары сұранысқа ие. Жиында осының барлығын таразылап, қазір нарыққа не керек, қай бағытта жұмыс істеген дұрыс деген сұрақтарға жауап іздейміз», — дейді «Республикалық тұқым өсірушілер палатасы» ЗТБ төрағасы Фарид Абитаев.
Тағы оқыңыз: Қазақстан ІІМ туристер үшін қауіпсіздік жүйесін енгізеді