Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 390 см көтерілді. Салдарынан су жайылып, Шал ақын және Есіл аудандарындағы бірқатар ауылдар жарықсыз қалды, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгін, яғни 7-ші сәуір күні тасқын су салдарынан электр тарату мұнаралары құлап, жеті елді мекен жарықсыз қалды.
«Сергеев су қоймасы толып, тасуы салдарынан электр желілеріне зақым келіп жатыр. Шал ақын ауданына қарасты Жаңаталап, Кеңес және Жаңажол ауылдарында 200-ден астам тұрғын қазір жарықсыз отыр. Дәл осындай жағдай Есіл ауданындағы Мектеп, Өрнек, Николаевка және Жарқайың ауылдарында да тіркелген», — деп хабарлады «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.
Мамандардың сөзінше қалпына келтіру жұмыстары қиынға соғып жатқан көрінеді. Себебі, электр мұнаралары су астында қалған.
«Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ бас инженері төтенше жағдай орын алған ауданға кетті. Зақымданған электр желілері қайта қалпына келтірілетін болады», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ертең Тайынша ауданы, Краснополян орта мектебінде су тасқынына байланысты 125 бала қашықтан оқытылады.
Өңірдегі су тасқынының жағдайын бақылау мақсатында бүгін облысқа бірінші вице-премьер Роман Склярда келді. Вице-премьер бөгеттерді нығайту жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, су деңгейі әлі көтерілетіндігін айтты. Сондықтан барлық жағдайға дайын болу қажет деді.