СҚО-да су тасқынынан 180-ге жуық кәсіпкер зардап шеккен. Олар өз шығындарын бағалау және техникалық тексеруге қатысты кәсіпкерлер палатасына хабарласып, көмек сұрады. Себебі, олардың ғимараттарына әлі де бағалау жүргізілмеген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Виктор Самоволов – жеке кәсіпкер. Ол 2019 жылдан бастап жиһаз жасаумен айналысады. Кәсіпкердің үйі мен шеберханасы Тепличный ауылында орналасқан. Тасқын су салдарынан бизнесмен үлкен шығынға ұшырады. Қазір шеберханасынан әлі де су толықтай кетпеген. Келген шығынды бағалау жұмыстары да жүргізілмепті.
«Менің шеберханамды тексеру үшін 240 мың теңге қолма-қол ақша төлеуім керек. Және бағалаушыға да шеберхана ауданына сай 200 мың теңгеге жуық қаражат беріп, бірден сметалық құжатын ұсынуым қажет екен. Жалпы 700 мыңға жуық ақша керек болып тұр. Қазір мұндай қаражат менде жоқ. Жұмысқа кірісейін десем, бағалау әлі жүргізілмеді. Кейін менің шығынымды кім өтейді», — дейді жеке кәсіпкер.
Облыс әкімдігі зардап шеккен кәсіпкерлердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне бағалау жұмыстарын жүргізетін бағалаушылар мен техникалық байқау ұйымдарының тізімін құрастырған. Ал бұл компаниялар жергілікті атқарушы органдардың төлемдерді ұзақ уақыт кешіктіретінін алға тартып, дереу есептесуді сұрап отыр екен. Облыстық кәсіпкерлер палатасы қазір мемлекеттік органдармен бірлесе кәсіпкерлердің проблемасын қарастырып жатыр.
Тағы оқыңыз:Петропавлда бір ай бұрын жоғалған жігіттің мәйіті табылды