Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр. Бүгін үш ауданға төтенше жағдайлар департаментінің мамандарды мен арнайы техникасы жөнелтілді, деп жазады Qazaqstan Media.
28 құтқарушы мен бес арнайы техника Ғ. Мүсірепов, Уәлиханов және Тимирязев аудандарына аттанды. Арнайы техниканың ішінде қайық пен су соруға арналған мотопомпалар бар.
«Бұл шаралар жедел әрекет ету және су басу қаупін барынша азайту мақсатында жүргізілуде. Жағдай бақылауда, су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда», — деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда өңірде қар суынан қауіп мол. Оның үстіне жауған жаңбыр да қардың күрт еруіне әсер етуде. Бүгінгі күннің өзінде облыстағы өзен-көлдерде су деңгейі көтеріліп жатыр.
Қазір өңірде елді мекендерден қар шығару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ал Петропавлда екі шағын ауданда жедел штаб құрылды. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.
«Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін арнайы штаб құрылды. Оның құрамына қала әкімдігі мен ТЖ бөлімінің мамандары кіреді. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, өтініштерді қабылдайтын орталық диспетчерлік қызмет құрылды. Қазіргі уақытта қалалық қызметтер су сору жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қосымша 50 жаңа мотопомпа сатып алынып, олардың жалпы саны 92 бірлікке жетті», — деп жазылған СҚО әкімдігі таратқан хабарламада.
Тағы оқыңыз: СҚО сотының төрағасы тағайындалды