СҚО-да су тасқыны кезінде 95 кәсіпорын зардап шеккен. Олардың 70 – і Петропавл қаласында, ал 25-і Қызылжар ауданында орналасқан. Мұндай деректерді Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы келтірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, бұл тізім күн сайын артуда. Өйткені, зардап шеккен бизнес субъектілерін анықтау жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
«Әзірге, тасқын судан зардап шеккен 95 кәсіпорын тіркелген. Олардың басым бөлігі, азық-түлік, және түрлі құрал-жабдықтар сататын дүкендер, көтерме сауда нүктелері. Бұдан өзге, жиһаз, битум, металл конструкциялар және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қоғамдық тамақтану саласының өкілдері, техникалық қызмет көрсету орталықтары, мәдени-ойын — сауық орындары да бар. Келтірген шығынды анықтау әлі мүмкін болмай отыр. Себебі, әлі кей аудандардан су кеткен жоқ», — деді Жеңіс Қазиев.
Мамыр айының басында «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу ережелері» ресми түрде қолданыла бастайды. Осыған байланысты өңірде өтемақы сомасын анықтайтын комиссия құрылуда. Оның құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да кіреді. Бизнесмендерге келтірілген мүліктік шығындарды бағалау тек судың беті қайтқасын ғана жүргізіледі.
«Тасқын су кесірінен шығынға батқан кәсіпорындардың бірі – «№1 Инкубаторий» ЖШС. Серіктестік Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында орналасқан. Бизнес субъектісі жұмыртқаларды инкубациялау және жас құстарды сату бойынша қызметті жүзеге асырады. Кәсіпорынды 12 сәуір күні су басқан. Сол кезде мұнда 3 мың бас бройлер тауығы және 200 мыңға жуық жұмыртқа болған. Мұның өзі бизнесменге 38,6 млн теңгеден астам шығын келтірді. Бұдан өзге, серіктестіктің барлық материалдық-техникалық базасы да зардап шеккенін ескерсек, жалпы шығын 300 млн теңгеден асады», — деп атап өтті Жеңіс Қазиев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су кеткен аумақтар дезинфекцияланып жатыр