Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы спортшыларды даярлауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін тексерді. Жүргізілген мемлекеттік аудит бірқатар олқылықтарды анықтаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жүргізілген аудиторлық тексерістің нәтижесінде 3,2 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Оның 2,7 млн теңгесі қалпына келтіруге жатады. Сонымен қатар, аудиторлар бюджет шығынын анықтады. Оның сомасы бір млн теңгеден асып жығылады. Бұдан бөлек, рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың үш дерегі анықталды.
«Аудит объектілері бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті жасау туралы заңнаманы бұзуға (Бухгалтерлік есеп туралы заң, бухгалтерлік есепті жүргізу ережесі, қаржылық есептілікті жасау ережесі), жол берді. Сондай-ақ еңбекақы, сыйлықақылар, қосымша ақылар мен үстемеақылар, іссапар шығыстарын төлеу бойынша бұзушылықтар анықталған. Мұндай бұзушылықтарға мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтамауы себеп болды», — деп хабарлады СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшелері.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша үш лауазымды тұлғаға ескерту жасалса, тағы бір шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін аудиторлар Петропавлдағы №1 қалалық ауруханада тексеріс жүргізіп, 35,4 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады. Сондай-ақ емдеу мекемесінде медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің дұрыс сақталмай келгенін жеткізген болатын.
Тағы оқыңыз: СҚО-да көтермақы берілмеген жас дәрігер сотқа жүгінбек