ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Алқалы кеңесте спорт саласындағы бірнеше былықтың беті ашылды. Мысалы өңір спортшылары разрядтарын құжаттарсыз алып келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Басқосуда спорт және санитариялық-эпидемиология саласындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Алғаш аталған басқарманың құрамында 29 ұйым жұмыс істейді. Мекемелер жыл басынан бері өтінішпен келген 1500-ге жуық адамға көмек көрсеткен.

«Тұрғындардың көбі спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын беру қызметі бойынша көмек алды. Біз биыл 504 спортшыға түрлі деңгейдегі атақ бердік. 27 жанның өтініші кері қайтарылды»,-деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мият Ерхан.
Жыл басынан дене шынықтыру және спорт басқармасына кіретін ұйымдар 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанға көмек көрсеткен. Бірде-бір адамның өтініш кері қайтарылмаған.
Бірақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басқармаға тексеріс жұмыстары барысында бірнеше олқылықтарды анықтаған. Мәселен биыл басқарма өзіне бағынышты ұйымдарда тексеріс жүргізбепті. Спикер айтқан сандар мүлдем шындыққа жанаспайды екен. Одан қалды, спортшылар өздеріне берілген разрядтарды құжаттарды толық жинамай-ақ алған.
«Басқармада маман тапшы. Сегіз бірдей орын бос тұр. Мүлдем үлгермей жатырмыз», -деп ақталды спикер.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көпқабатты үйде балкон өртеніп, тұрғындар эвакуацияланды