Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде рөлге отырған ер адамды сот жауапкершіліктен босатқан. Бірақ іске прокурорлар араласып, заң бұзған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Уәлиханов ауданында болған. Ер адам мас болса да, рөлге отырып бірнеше жерге барған. Оның бұл әрекетін сот аса қажеттіліктен туындаған шара деп қабылдап, жүргізушіні жауапкершіліктен босатқан. Яғни, сол кезде жүргізушінің әкесіне шұғыл көмек керек болып, рөлге отырған-мыс.
«Жүргізуші орта деңгейдегі мас күйінде көклікпен аудан орталығында жүрген. Бұл ретте ол банкомат пен дәріханаларға барған. Медициналық мекемелерге бармады, жедел жәрдемге жүгінбеді. Прокурор аталған қаулыға апелляциялық өтінішхат алып, жүргізушінің іс — әрекеті аса қажеттілік болып табылмағанын, ал мән-жайлар жауапкершіліктен құтылу тәсілі ретінде пайдаланылғанын растайтын материалдар ұсынды, — деп түсіндірді прокуратура.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Жүргізуші 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды және 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда қар тазалауға арналған техника қысқа дайын