Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары экологиялық кодекс талаптарын бұзғандарды анықтады. Өңірдің бірқатар аудандарында шенеуніктер қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін негізсіз өсіріп жіберген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қадағалау органы жүргізген талдау барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және көму тарифтерінің негізсіз өскені белгілі болды. Нәтижесінде тариф өзгерісі тұрғындардың қалтасын қаққан. Мұндай жағдайлар М. Жұмабаев, Мамлют, Есіл, Тайынша және Тимирязев аудандарында орын алды.
«Мысалы, М. Жұмабаев ауданының коммуналдық кәсіпорны көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін 319 теңге мөлшерінде төлем алып отырған. Оның 51 теңгесі қоқысты сұрыптау шығындарына жатқызылған. Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының актісі негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал мәслихат шешімімен тарифтерге тиісті өзгерістер енгізілді», — делінген облыстық прокуратураның жазбасында.
Нәтижесінде бес мыңнан астам тұрғынның құқығы қорғалып, Мамлют, Есіл, М. Жұмабаев, Тайынша, Тимирязев аудандарында тариф орта есеппен 31 теңгеге төмендетілді. Ал осы уақытқа дейін артық төленген қаражат кейінгі төлемдерді өтегенде есептелетін болады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық баланың еміне қажетті қымбат дәріні әкімдік алып бермек