Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар денсаулық пен қауіпсіздікке ерекше назар аударуы тиіс. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дәл осы күндері тағамнан улану, пиротехникалық заттарды қолдану кезінде жарақат алу, сондай-ақ үсік шалу мен суық тию жағдайлары жиілейтінін ескертеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Ведомство мамандары төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.
«Тағамнан уланудың алдын алу үшін сенімді сауда орындарынан азық-түлік сатып алу, жарамдылық мерзімі мен қаптаманың бүтіндігін тексеру, таңбаланбаған немесе күмәнді өнімдерді тұтынбау ұсынылады. Сондай-ақ тағам дайындау кезінде жеке гигиенаны сақтау, дайын тағамдарды тоңазытқышта сақтау және оларды бөлме температурасында ұзақ қалдырмау қажет»,-деп ескертеді мамандар.
Балаларға арналған тәтті сыйлықтардың сапасына ерекше көңіл бөлу ескертіледі. Пиротехниканы қауіпсіз пайдалану кезінде өнімдерді тек мамандандырылған дүкендерден алу ұсынылады. Фейерверктер тек ашық алаңда, қауіпсіз арақашықтықты сақтай отырып іске қосылуы тиіс. Жандырылып жатқан бұйымның үстіне еңкеюге және іске қосылмаған пиротехниканы қайта жағуға әрекет жасауға болмайды. Балаларға пиротехниканы өз бетінше қолдануға қатаң тыйым салынады.
Үсік шалу мен суық тиюдің алдын алу үшін ауа райына сәйкес жылы киіну, балалардың бас киім, қолғап, шарф және жылы аяқ киім киюін қадағалау керек. Суықта ұзақ уақыт тұрмауды шектеу және жылыну үшін үзіліс жасау ұсынылады. Киім мен аяқ киімнің құрғақ болуы маңызды. Үсіктің алғашқы белгілері — терінің бозаруы, шаншу және ұю сезімі байқалған жағдайда дереу жылыну шараларын қабылдау қажет.
Департамент мамандарының айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау мерекені қауіпсіз әрі жайлы өткізуге, жақын жандардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кейбір жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды

