Республикалық маңызы бар автожолдармен күн сайын жүздеген көлік қозғалады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары СҚО автомобиль жолдарында бірлескен рейд өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Рейд барысында мамандар қысқы кезеңге дайындық деңгейі, арнайы техникалардың жарақтандырылуын бақылады. Сонымен қатар, тайғаққа қарсы материалдардың қоры тексерілді.
Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасына сәйкес филиал жанынан комиссия құрылды. Комиссия құрамына «ҚазАвтоЖол» және «КАЖсервис» ұйымдарының өкілдері енді. Тапсырма аясында қысқы кезеңге арналған техникалардың жай-күйі мен тайғаққа қарсы материалдардың дайындық деңгейі тексерілді. Комиссиялық шығудың қорытындысы бойынша тиісті акт жасалып, Комитетке жолданады», — СҚО бойынша «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» филиалының директоры Қанат Өсербаев.
Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 30 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 57 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын «КАЖсервис» серіктестігі жүзеге асырады. Қысқы кезеңде 150-ден астам арнайы техника мен 315 маман жұмылдырылған.
«Қысқы жол күтіміне қажетті тайғаққа қарсы материалдардың 100 пайызы дайын. Атап айтқанда, биыл 1900 тонна тұз, 4300 тонна құм, 710 тонна електен өткен материал және 72 тонна арнайы реагент қорда бар», — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ бөлім басшысы Айбек Қоржымбаев.
Мониторинг барысында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» мамандары мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктер анықтаған жағдайда тиісті актілер жасайды. Барлық материалдар комиссия қарауына жолданады. Тексерулер кезінде көбіне жол бетінде қар жиналуымен қар үйінділерінің пайда болуы сияқты кемшіліктер тіркеледі. Мұндай жағдайлар жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Тарих пен мәдениет — халқымыздың баға жетпес қазынасы

