Өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосқан жандар құрметке бөленді! СҚО-да Республика күні қарсаңында 30-дан астам жерлесіміз түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазақстандықтар ұлы мереке – Республика күнін атап өтеді. Ұлы деп бекерден-бекер айтпаймыз. Тарихтың беттерін парақтайық. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады.
Жұртшылық сәулеті жарасқан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жиналды. Көпшілікті алдымен айтулы мерекемен аймақ басшысы құттықтады. Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде іргесі сонау 90-ның күзінде қаланған еліміздің қазір дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.
«Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылды, жолдар салынды. Әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Өңіріміз соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Адал еңбекті жоғары қоятын солтүстік жұртшылығы ұлы мерекені болашақ ұрпаққа насихаттауды жалғастырады деп сенемін», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ерен еңбек осындай мерекеде бағалануы тиіс. Біздің өңірде еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі — Құдайберген Қалиев.
Ардагер еңбек жолын қарапайым агроном болып бастады. Талай жыл өңірдің дамуына үлесін қосты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына дейін жетті.
Азаматтың жолын қазіргі таңда балалары пен немерелері жалғастырып келеді. Құдайберген Қалиұлы 80-ге келсе де қоғамның дамуына зор үлесін қосып келеді. Бүгін оған lll-дәрежелі Барыс ордені табысталды.

«Еңбегімнің бағаланғанына алғысым шексіз. Барлық жерлестерімді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Еліміз қарқынды дами берсін. Менің аз ғана еңбегімнің бағаланғаны қуантады», — деді СҚО Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев.
Салтанатты шарада 30-дан астам адам құрметке бөленді. Олардың ішінде еңбек ардагерлері мен барлық саланың өкілдері бар. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.
Тағы оқыңыз: СҚО-дан шыққан механизатор Мұрат Қаражұманов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденін иеленді

