Солтүстік Қазақстанда пошташы ауылдық әкімдіктің кабинетін сауда алаңына айналдырған. Сол үшін Кішіқараой ауылдық округінің әкімі тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ақжар ауданы Кішіқарой ауылдық округінің әкімдігінде болып жатқан мұндай былықты әдеп жөніндегі кеңесте мамандар айтып берді. Олардың сөзінше, ауыл әкімі Ботагөз Сабырова әкімдікке тиесілі ғимаратта сауда жасалып жатқанын білген.
«2025 жылдың 24 сәуірінде аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті әкімдік ғимаратында сауда жүргізген пошташыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, ескерту жасаған. Өйткені, бұл нысанда сауда жүргізуге болмайды. Кейін 12 мамырда сот шешімімен пошташы тиісті рұқсат құжаттарсыз саудамен айналысқаны үшін тағы әкімшілік жазаға тартылған. Бірақ бұл жолы ол 58 мың теңге айыппұл төлеген. Бір қызығы ауылдық округ әкімі Ботагөз Сабырова пошташының әкімдік ғимаратында сауда жасап жүргенін білген. Бірақ кедергі келтірмеген. Осылайша, Сабыров мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасап отыр», — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің мамандары.
Кішіқараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабырова өз кінәсін мойындап отыр. Ол пошташының жалақысы аз болғандықтан оның бұл әрекетіне көз жұма қараған.
«Әкімдік ғимаратында учаскелік инспектор, ауыл кітапханашысы, ветеринар дәрігер және «Қазпошта» АҚ пошташысы отырамыз. Оның төрт баласы бар. Жарты ставкада ғана жұмыс істейді. Айлығы 40 мың теңгенің маңайында ғана. Сондықтан оны аяп, еш кедергі келтірмедім. Ол балаларға арналған киім сатты», — деді жиынға қатысқан ауыл әкімі.
Ботагөз Сабырова Кішіқараой ауылдық округінің әкімі болып, 2024 жылдың желтоқсан айында ғана тағайындалған. Оған дейін де осы әкімдікте жұмыс істеген. Осыған дейін тәртіптік жазаға тартылмаған атқамінерге әдеп жөніндегі кеңес мүшелері «қызметіне толық сай емес» деген ескерту жасауды ұсынып, бірауыздан қолдады.
Осыған дейін әдеп жөніндегі кеңес мүшелері көшеде мас күйде жүрген тағы бір ауылдық округ әкіміне «қатаң сөгіс» жариялауды ұсынған болатын.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мас күйінде автобус басқарған жүргізуші ұсталды